Жаңалықтар / ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ — НАУРЫЗ!
Наурыз мерекесі – жаңару мен бірліктің, ізгілік пен татулықтың жарқын көрінісі. Биылғы мерекені мектебіміз ерекше мән-мағынамен атап өтті. Мектебіміздің қадірлі ардагерлерін арнайы шақырып, олардың батасын алып, ақыл-кеңестерін тыңдадық.
Үлкендердің өнегелі сөздері жас ұрпаққа рухани күш беріп, дәстүр сабақтастығын нығайтты. Мереке барысында табиғатты аялау мақсатында тал егу шарасы ұйымдастырылып, әрбір отырғызылған көшет болашаққа деген үміттің белгісіне айналды.Сонымен қатар, ұлттық ойындар ойналып, ұстаздарымыз өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетті.
Халқымыздың бай мұрасын танытатын салт-дәстүрлерден көріністер ұсынылып, көпшілік ерекше әсер алды. Әрбір көрсетілім ұлттық құндылықтарымыздың тереңдігін сезіндіріп, өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті болды. Осындай тағылымы мол шаралар арқылы Наурыз мерекесі тек думан ғана емес, ұлттың рухын көтеретін, бірлікті бекемдейтін маңызды мереке екені тағы бір мәрте дәлелденді. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын!

